Қазақ халқының қолданбалы өнері ұлттық мәдениеттің баға жетпес қазынасын құрайды. Өзінің сипаты бойынша оптимистік және көңілді, ол ғасырлық дәстүрлерді және дарынды шеберлердің бірнеше ұрпағымен құрылған ежелгі дала мәдениетінің терең символдық бейнелерін көрсетеді.
Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ Қолданбалы өнер коллекциясы көп жылдық жинау, зерттеу, сақтау қызметінің нәтижесі болып табылады. Қазақтар келесідей дәстүрлі қолөнер түрлерімен: өрнекті киіз жасаумен, тоқымамен, кесте тігумен, ши тоқумен, ағашты, металды, тері мен сүйекті көркем өңдеумен айналысты.
Коллекция үлкен ғылыми қызығушылық тудырады және ежелгі көшпелі мәдениет қойнауында пайда болған барлық қазақ халқы үшін біртұтас материалдық, көркем және эстетикалық құндылықтар жүйесінің өміршеңдігінің көрнекі үлгісі болып табылады. Қоршаған әлем туралы ғасырлар бойы жинақталған бейнелеу әсерлері қорын қазақ халқы өзінің бай ою-өрнек өнерінде жүзеге асырды. Бұйымдардың әшекейінде ою-өрнектің геометриялық, зооморфтық, жұлдызды, өсімдік және адам тәріздес сарындары қолданылады, онда тірі табиғат бейнелері ежелгі нанымдар мен космогониялық мифтердің жаңғырығымен тығыз байланысады.
Қазақ халқының бүкіл өмір салты шығармашылыққа толы болды. Қазақтың дәстүрлі өнері тұрмыстан ажыратылмайды, оның сұлулығы, үйлесімі және мағыналық құраушысы бізге оның рухани қасиеттерінің, сипаты мен дүниетанымының синтезін анық береді. Халық шеберінің әрбір бұйымы - ұлттық болмыстың практикалық, көркемдік және рухани жағынан өзіндік синтезі. Оның пайдалылығы мен сұлулығы тұлғаның эстетикалық дамуына ықпал ете алады, өз мәдениетіне деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін сіңіре алады.